Өскеменде май зауытында апат болып, екі адам зардап шекті
Кәсіпорынның қазандығында апат болып, екі адам күйіп қалған
Төтенше жағдай 21 желтоқсан күні болған. Алайда апат ендігі ғана белгілі болып отыр. Зардап шегушілердің бірі ауыр халде жатқандықтан, оның туыстары әлеуметтік желіде тұрғындардан көмек сұрап, жазба жариялағаннан кейін ғана белгілі болды.
- Біз кәсіпорында нақты не болғанын білмейміз. Алайда бұл жарылыс емес. Қазір кәсіпорын жұмысын тоқтатты, тексеруге комиссия келе жатыр. Қазандықта жұмыс істейтін екі адам зардеп шекті. Оның бірі 41 жаста болса, екіншісі – 55 жаста. Олардың жағдайы қандай екендігін де, өкінішіке орай, білмейміз. Алайда, әзірше, Алексей Столяровқа қан құю қажет екендігін білеміз. Оған барып қан тапсырамыз, - дейді май зауытының қызметкерлері.
Ал әлеуметтік желіде жарияланған жазбада Алексей Столяровтың жан сақтау бөлімінде жатқандығы айтылған.
- Менің жолдасым Алексей Столяров ауыр халде. Денесінің 70 пайызы күйіп қалған. Дереу арада қан керек. Барлық топтың қаны жарай береді. Қанды Алексей Борисович Столяровтың атына тапсыру қажет. Тұрғындардан көмек сұраймын. Үйде оның сегіз айлық қызы бар, - делінген жазбада.
Облыстық Қан орталығының мекенжайы: Көкжал Барақ көшесі, 11а-үй. Жұмыс уақыты 8.00-13.00. Сенбі, жексенбі күндері – демалыс. №№ 43, 17, 17а автоустары барады.