Өскеменде екі адамды өлтірген күдіктілер сотталды
27-28 жастағы екі дос арақ ішіп отырып, басқа екі шөлмектес достарын пышақтап өлтірген
Ал өлтірілген жігіттердің мәйіті Прохладный кентіндегі Sinooil жанармай құю бекеті маңында табылған.
ШҚО Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың деректеріне сүйенсек, төрт жігіт те бұрыннан бері бір-бірін танитын көрінеді. Сол күні төртеуі де бір дастархан басына жиналып, арақ ішкен екен. Олардың біреуі қалған арақты «аналардан» қызғанып, тығып қойған. Кикілжің осыдан басталған.
Ал ашуға берілген жастау біреуі арақтың бөтелкесін шағып, сынған шынымен 41 жастағы таныс еркектің мойнын орып жіберген. Қанішер жігіт оны өлгенше қинаған көрінеді, өйткені оны сынған шөлмекпен 19 рет денесінен ұрған. Ал екеуін ажырастыруға тырысқан тағы бір танысының денесіне 89 жерден жарақат салып өлтірген. Төртінші шөлмектес оған көмектескен.
Күдіктілер өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Сот олардың бірін 19 жылға соттаса, екіншісін 16 жыл бостандығынан айырған. Сотталушылар жазаларын қатаң режімдегі колонияда өтемек.