Үйден өрт шықты
Глубокое ауданындағы Тарханка ауылында таң сәріде жер үй өртке оранып, жалын жанындағы монша мен жазғы асханаға дейін жайылған
Өрт оқиғасының куәгерлері өрт сөндіру қызметін шақыртқан. Олардың айтуынша, 80 жастағы үй иесі өртке оранған үй ішінен өз еркімен жүре алмайтын қызын алып шықпақ болып, өзін де күйік шалған.
- Біздің бөлімше бірінші жетті. Өрт сөндірушілер алдымен үйде газ баллонының бар-жоғын анықтап алды. Бір газ баллоны жарылып, ал екеуін мамандар уақытылы алып шықты, - дейді ӨБ-5 қарауыл бастығы Банияр Биекенов. - Үй иесінің қолы күйіп қалған, ал қызы аман-есен.
Қарауыл бастығының сөзіне сүйенсек, қария ауруханаға барудан бас тартқан екен. Алайда өрт сөндіру қызметі оны дәрігерлердің бақылауында қалдырған. Анықталғандай, қарияның тек қолы емес, арқасы мен басы да күйіп қалған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 21 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылған. Өрт алаңы 120 шаршы метрді құрады. Мамандар жылыту пешін салу және жағу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау өрттің шығуына себеп боуы мүмкін екендігін алға тартады.
Следующая →