Ұры балаларын асырау үшін екі миллион теңгелік құнды заттарды ұрлаған
Өскеменде Солжағалау ауданындағы бірнеше тұрғын сұмпайы ұрыдан зардап шеккен
Ұры тез, әрі өрескел әрекет еткен. Атап айтқанда, ол бірнеше минут ішінде пластик терезені бұзып кіріп, құнды нәрселердің барлығын алып, қашып кеткен.
Куәгерлерді іздеу еш нәтиже бермеді. Бірақ тәртіп сақшылары дәл осындай қылмысқа барған 26 жастағы өскемендікті ұстаған. Ер адам осыған дейін бес үйге ұрлыққа түскенін мойындаған.
Күдіктінің айтуынша, ол сотты болғандықтан лайықты жұмыс таба алмаған. Сондықтан екі кішкентай баласын асырау үшін заңға қайшы әрекетке барған.
Айта кету керек, соңғы үш-төрт ай ішінде ер адам криминалды әрекеттерімен құны екі жарым миллион теңгеге жететін құнды заттарды қолды еткен. Барлық дүниелерді досы арқылы ломбардқа өткізіп отырған.
Өскемен қалалық №2 соты істің барлық жайымен танысып, сотталушыны кінәлі деп тауып, алты жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамау жазасын тағайындады. Сол сияқты ер адам зардап шегушілерге барлық шығынды өтеп беруі тиіс.