Семейде шырша отырғызу үшін 15 млн теңге жұмсалған
Шырша қалалық әкімдіктің алдында, көше бойында отырғызылған еді. Ал қала тұрғындары болса, шыршалардың арасы тым тар, ертең өспей қалуы мүмкін деп отыр
Семей қаласының орталық алаңында осы жылы абаттандыру жұмысы жүргізіліп, қылқан жапырақты ағаштар мен 63 түп шырша көшеті отырғызылған болатын. Ал отырғызылған шыршаның биіктігі – төрт метр, арасы бір метрге де жетпейді.
- Көшеттердің бір-біріне тым жақын отырғызылғаны, қыстырысып әрең тұрғаны сырт көзге бірден көрінеді. Есептемей, өлшенбей отырғызылғаны көрініп тұр. Егілген көшеттердің жартысы қурап қалады. Ал тамыры бір-бірімен шатысып, жолдың төсенішін жарып шығуы мүмкін. Өйткені көшеттер көшеге өте жақын егілген. Қалың болып өсіп, жүргізушілердің жолды көруіне кедергі келтіруі мүмкін. Көше бойында отырғызылғанына 30 жыл болған шыршалар бар еді ғой. Олардың неге кесіп тастады? Шырша жүз жылдан артық тіршілік етеді емес пе?! - дейді қала тұрғыны.
Ал Семей қалалық ТҮКШ бөлімі шыршаның тік өсетіндігін, сондықтан жолда көліктердің жүруіне кедергі келтірмейтіндігін айтады.
- Ағаштарды отырғызуға облыс әкімінің өзі тапсырма берген. Оны отырғызуға 15 млн теңге қаржы жұмсалды, - дейді бөлім басшысы Марат Аленов.
Дегенмен, бөлім басшысы шыршалардың неліктен біріне-біріне жақын егілгенін, мұның ағаш отырғызу нормасына қаншалықты сай екендігін түсіндіріп бере алмады.