ШҚО-да зейнеткерлерді алдаушы алаяқтар жүр
Пластик терезелердің сапасын тексерумен айналысатын әлдебіреулер үй телефонына хабарласып, қарияларға тегін тексеріс жұмыстарын жүргізетіндігін айтып, мекенжайын сұрайды
Алаяқтар қарияларға қайырымдылық жасайтындығын әрі фирмада қандай да бір жарнамалық науқан жүріп жатқандығын айтып, қарттарды көндіретін көрінеді.
Кейін «қызмет көрсетуші» пәтерге келіп, терезелерді тексереді де оның сапасыз жасалғанын әрі тез арада жөнделмесе, сынуы мүмкін екендігін айтып пәтер иесіне ескерту жасайды. Ал терезе сынады деп жасқанған қариялар болса, «қызмет көрсетуші» ұсынған қызметке келіседі де, сұраған ақшасын төлейді. Алайда алаяқ қарапайым ғана фирма жасай алатын қызмет түрін ондаған есе «қымбатқа» сатады.
- Пластик терезе салумен айналысатын фирма оны жөндеу үшін әрбір метріне 95 теңге ақысын алуы мүмкін. Ал алаяқ фирмалар бұл соманы 800 теңгеге дейін көтеріп жібереді. Ал кейбіреуі терезені жөндемек тұрмақ, ақшаны алады да тайып тұрады, - дейді блогер Анастасия Кудина.
Мәселен, осындай алаяқтарға алданып, сан соғып қалған Елена есімді қала тұрғыны үш терезені жөндеу үшін 115 мың теңге ақша төлегенін айтады. Ал шындап келгенде, терезеге мұндай жөндеу жұмысы мүлдем қажет емес.
Оның үстіне, алаяқтар заң нормасын бұзбайтын көрінеді. Өскемен қоғамдық кеңесі мұны алаяқтық ретінде дәлелдеу қиын дейді. Сондықтан облыс тұрғындарына «терезе жөндеуші» алаяқтардан сақтану туралы хабар беруден басқа амал жоқ.