Жабайы аңдар малға шабуылдауда
Қыс басталмай жатып-ақ Шығыстың әр өңірінде жабайы аңдардың малға шабуылына қатысты оқиғалар тіркеліп үлгерген
Катонқарағай ауданы Новополяковка ауылының тұрғындары үйлерінен шығуға үрейленеді. Өйткені ауыл маңын қасқырлар қоруда. Бұнда, тіпті, сілеусін қой мен қозыға бықпырттай тиіп жатқанға ұқсайды.
Басында жыртқыштар далада жайылып жүрген малға шапса, жақында ауыл ішінде жүрген бұзауды сілеусін жеп кеткен.
- Кешкісін үйден шығу қорқынышты, - дейді ауыл тұрғыны Рита Исинева. - Өсіріп отырған малымыз – еңбек ақы, маңдай теріміз. Осы жабайы аңдардан зардап шеккен сіңілім әкімшілікке барғанымен, әкім ешқандай шара қабылдамаған.
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйенсек, кеше ғана қасқырлар бір отар қойды қойшысымен бірге қоршауға алған. Жалпы, ауылда 20 бас мал қасқырдың құрбанына айналған. Ауылдық окріг әкімі алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатынын алға тартады. Бұл мәселені, облыс орталығындағы құзырлы органдар әлі де білмейтін көрінеді.
- Катонқарағай ауданының басшылығы бұл мәселе туралы хабарлады. Қазір қажетті шара қабылдау үшін құжаттар дайындалып жатыр, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатта пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар әлемін қорғау бөлімінің басшысы Арман Есентаев. - Жай ғана жануарларды атып тастауға да болмайды. Ол үшін арнайы рұқсат керек.
Следующая →