Өскемен тұрғыны үйі өртенген мүгедек жанға сыйлық жасады
Өткен жұмада мүмкіндігі шектеулі 38 жастағы Евгений Решенконың үйінде өрт болып, мүгедек жанның арбасы жартылай өртке оранған еді
Ал мүгедек жанның өзі қала тұрғындарынан сынған арбасын жөндеуге қаржылай көмек сұрап, өтінген болатын. Тұрғындар да бей-жай қалмады. Бір тұрғын Евгений Решенкоға жаңадан мүгедектер арбасын сатып берді.
- Бүгін үйіме Роман есімді жас жігіт келіп, маған мүгедек жандарға арналған арба сыйлап кетті. Қатты таңырқадым. Шынымды айтсам, күтпедім. Кейін тағы бір әйел адам хабарласып, арба сатып әкелгісі келетінін айтты. Оған да ризашылығымды білдіріп, көмегінен бас тарттым, - дейді Евгений Решенко.
Устинка LIVE та Евгенийдің сөзіне қосыла отырып, қаламыздың Роман есімді жас жігітіне редакция атынан алғыс білдіреміз.
Сонымен қатар, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де қиын жағдайда қалған мүгедек жанды қолдауға келген екен.
- Біз де мүгедектер арбасын дайындап қойған едік. Евгенийге әлі де көмек көрсетеміз. Бір маманды бөліп беріп құжаттарын дайындатып, Зырян ауданында орналасқан сауықтыру орталығына жіберуді ойлап отырмыз, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәулихат Жақсылыққызы.