ШҚО-ға зиянды жемістер жеткізілген
Мамандар облысқа жеткізілген құрма, анар сынды жемістердің құрамынан зиянды заттар тапқан.
20 қыркүйектен 5 қазанға дейін облыс аумағына бес тоннадай анар мен құрма жеткізілген. Шығыс Қазақстандағы карантин лабораториясының директоры Наталья Губареваның айтуынша, облыс аумағына жеткізілген жемістердің жартысы тексерістен өткен.
Бұл жемістер облысқа Өзбекстан мен Қырғызстан елдері арқылы жеткізілген. Жеміс құрамындағы зиянды құрттарды көзбен көру мүмкін емес, арнайы лабораториялық тексеріс керек. Мамандар Өскемен мен Риддер қалаларының базарларынан ғана осындай зиянды жемістерді тапқан.
Дегенмен, мамандар жеміс құрамындағы бұл құрттардың адам денсаулығы үшін аса қауіпті емес екендігін айтады. Алайда үйдегі өсімдіктердің біріне жұғатын болса, ол міндетті түрде солып, шіріп кететіндігін жеткізді.
Сондықтан бұл жемістерді үйге әкелудің мүлдем қажеті жоқ.