Көктайғақ: Өскемен-Зырян бағытындағы автобус жолда қалды
Зырян қаласынан таңғы 6.00-де шыққан жолаушылар автобусы жолда қалды
Зырян ауданында қар жауып, жолда көктайғақ пайда болған. Көлік жүргізушілері Осиновский асуынан аса алмай отыр. Көліктердің көбі жазғы дөңгелектерімен жүргендіктен, қардың қалай тез жауып салғанына жүргізушілердің өзі де таң.
Жүргізушілердің айтуынша, таңертеңнен бері асу маңында екі көлік апаты болған.
- Кеше кешке Өскемен қаласынан шыққанмын. Асудың айналасында тұрғаныма үш сағат болды. Көлік апаты болған екен, жедел жәрдем көлігін күттік. Жедел жәрдем көлігі келу үшін жол тазаланып, құм себілді. Содан кейін ғана аяңдай бастадық, - дейді жолаушылардың бірі.
Бүгін тас жол бойында жолаушылар автобусы соқтығысып қалған екен.
- Рейс автобусы жолдан шығып кете жаздады. Қазір автобустың жанында тағы бір жүк көлігі кептеліп тұр. Тағы да екі жеңіл көлік жолдан өте алмай тұр, - дейді куәгерлердің бірі.
Ал Зырян автобекеті жолда апаттың болғанын растап отыр.
- Коммуналды қызмет көліктерінің жолды тазартқанын күтіп отырмыз, - дейді Зырян қаласындағы автобекет.