Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Ауыл әкімдері бюджет басқаруға қауқарлы ма?

2018 жылдан бастап ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері қазына қаражатын өздері жинайтын болады

Ендігі жылы облыста халық саны 2000-нан асатын 100-ден аса ауылдық округ қазынаға түсетін қаржыны өздері жинап, өздері жұмсайтын болады. Яғни, жергілікті бюджет ауыл әкімдерінің басқаруына беріледі.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізу мәселесі 2011 жылдан бері талқыланып келе жатыр, ал 2013 жылдан бері мұндай жүйені енгізуге қатысты заң жобалары қабылданып, ауыл әкімдері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Осы мәселеге қатысты Өскемен қаласында тұңғыш рет айтулы шара «Ауыл әкімдерінің республикалық форумы» өтті. Бұған Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысы аудандары мен ауылдарының әкімдері қатысты. Ал стратегиялық жобаны ұсынып отырған ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері аталған жоспар жайында түсіндіріп беруге келді. Тұрғындар саны екі мыңнан асатын ауылдар мен ауылдық округ басшылары 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджетті өз қолына алса, 2020 жылдан бастап қазына қаражатын жинау мен жұмсау барлық ауыл басшыларының мойнына жүктелмек.

- Келесі жылы облыстың 100-ден астам әкімшілік аумағы өзін-өзі дербес басқару жүйесіне енгізілмек. Бұған барлық жағдай жасалған. Кейбір ауылдарға жылдамдығы жоғары интернет желісі тартылмаған. Мұның орнын толтыру қажет, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов. - Мемлекеттік қызметте бос орындар көп. Сондықтан жаңа қызметкерлер қабылдана бастамақ. Сонымен қатар, ауыл әкімдері қазынаны толтырудың өзіндік әдістерін де ойлап табуы мүмкін. Мәселен, Алакөлге келетін туристердің саны көп. Олар жыл сайын бұл аудан 9 млрд теңге шамасында пайда әкеледі. Ал оның тек 24 млн теңгесі ғана мемлекет қоржынына түседі. Егер жергілікті атқарушы билік салық жинауды өз міндетіне алса, қазынаға құйылатын қаржы бұдан көп болады.

Ал әкімдер салықтан түскен қаражаттың негізінде өз ауылында абаттандыру, жөндеу жұмыстарын жүргізбек: балабақша, мектеп пен аурухана ғимаратын салу мен жөндеу, су мен жол тарту сынды мәселелерді шешуді өз қолына алады. Мұндай игі істерге жұмсалатын қаржыны жергілікті кеңес мақұлдап, оны аудан мәслихатына жолдайды. Мәслихат бюджеттік жұмсалым нысандарын бекіткен соң, ауыл әкімі қаржыны игеру жұмысына кіріспек. Ал қазына қаржысының ұқыпты да тиянақты жұмсалуы ауыл әкімінің жауапкершілігіне жүктелмек.

- Жаңа қаржылық жүйені енгізуде көптеген мәселелер бар. Мәселен, жергілікті атқару органдарында мамандар жетіспейді. Көлікті тіркеу, коммуналды қызмет көрсету, сот шешімдерін орындау саласына жаңа кадрлар қажет. Мұны жергілікті әкімдер де түсініп отыр. Сондықтан да өздеріне қажетті мамандарды іздестіруде. Қазіргі уақытта ауылдағы нысандардың барлығы жекеменшікке берілді. Яғни, салық үнемі түсіп отырады. Ауыл әкімдері атқара алмаған жұмыстарға облыстық қазына көмектесетін болады, - дейді Павлодар ауданының әкімі Болат Бақауов.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ауыл әкімдерінің форумын өткізу арқылы басшылардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруге әзір екендігін жеткізгенімен, жиналған қауымнан суырылып шығып сұрақ қойғандар аз болды.

- Дербес басқару құрылымына қатысты 30-ға жуық заңнамалық акті қабылданды, әкімшілікте жұмыс істейтін 3000-нан астам қызметкер оқытылды. Биыл республикада 1400-ден астам әкім сайланды. Әкімдерге кеңес беру үшін форумға заң жобасын жасау мен мақұлдауға қатысқан білікті мамандарды әкеліп отырмыз, - деді Тимур Сүлейменов.

Ауыл тұрғындары «бюджеттің» нақты не екендігін білмейді. Ал небары екі айдан кейін ауыл басшылары білдей бір бюджетті бір өзі арқалағалы отыр. Алайда аудиторияда сауал болмады. Бәрі қолпаштап, қолдау білдірумен ғана шектелді.

- Әкімдер аз сауал қойды. Бұл түсіндіру жұмыстарының сапалы жүргізілгенін білдіреді, - деді Болат Бақауов.

Форумға қатысып отырған белгілі саясаткер Айдос Сарым да өз ойын білдіре кетті.

- Көлеңкелі экономика белгілері мен қазына қаржысын ысырап ету ауылдық жерде көбірек байқалады. Ал ауыл әкімдеріне билік берілгеннен кейін, мемлекеттік сатып алу істерімен айналысатын адамдар көбеймек. Облыс деңгейінде жүргізілетін тендер жұмыстарының өзінде кемшіліктер болып жатады. Ал ауыл әкімдігі деңгейінде өтетін мемлекеттік сатып алу жұмыстары қаржының жымқырылуына әкеліп соқтырмай ма? - деді Айдос Сарым.

Алайда Павлодар ауданының әкімі облыс басшыларымен қатар құқық қорғау органдары да ауыл әкімдерін қадағалауға алатындығын айтты.

- Құқық қорғау органдары да түсіндіру жұмыстарын жүргізеді әрі өз бақылауына алады, - дейді Болат Бақауов бұған қатысты.

Қалай десек те, жаңа жүйенің қиыншылығы мен пайдасы тек келесі жылы белгілі болмақ. Ал ауыл әкімдері болса, жергілікті бюджетті өз қолына алуға құлшыныс танытып отыр. 

Следующая →