Достық үйінің тарихы талқыланды
Шығыс өңірінің Достық үйі 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой аясында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да халықаралық конференция өтті
Ғылыми конференцияда Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, облыстық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармалары, Достық үйі ұйытқы болған осы басқосуға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, шетелдік ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері бас қосты.
- Бүгінгі күн үлкен тарихи маңызға ие, - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко. - Достық үйінің ашылған күні Тәуелсіздігімізді алған күнмен тұспа-тұс келеді. Сол замандағы қиындықтарға қарамастан, Достық үйін құра білгеніміз - үлкен қажырлық. Егемендікке келгенімізде экономикалық байланысымыз да, қаржылық бірлігіміз де болмаған. Мұнымен қоса, елдің этникалық құрылымы сан салалы болатын. Алғашқы кезеңде этномәдени бірлестіктердің арасында ортақ тіл де болмаған. Сол кезде Шығыста диалог алаңын құру керек деген шешім қабылданды. Бұл алаңда әр ұлт өзінің ойын айтып, билік бұл сұрақтардың шешімін табуға кепіл бола алды. Шығысқазақстандықтардың жоғары интеллектуалды қабілеті осындай алаңның ашылуына түрткі болғаны айқын.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы төңірегінде 40-қа жуық Достық үйлері орналасқан. Оның 14-і тек Шығыс Қазақстан облысында іргетасын қалаған. Мұндай ерекше нысанның алғашқы тасы Өскеменде қаланғанын тағы айтпасқа болмайды.
- Бұл бүкіл республика көлемінде тараған бастама болды, - дейді ҚР Президенті әкімшілігінің ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко. - Достық үйінің маңызын мақтаусыз айта алмаймыз. Бұл мемлекетіміздің Тәуелсіздік тұғырына айналды. Республикамыздағы барлық интеграциялық үрдісті жетеледі.
Ғылыми конференция барысында беделді ғалымдар, саясаткерлер Достық үйінің тарихынан бастап, сан ұлттың басын біріктірген бейбітшілік орталығының қиын да күрделі кезеңдерін сарапқа салып, бүгінгі күнде алатын орнына байланысты баяндамалар оқыды.