ШҚО өрт сөндірушілер үш бала мен әйел адамды өлімнен құтқарып қалды
Өрт Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында болған.
Отағасы өз шаруаларымен үйден шығып кеткен де, егіз қыз бен алты айлық баланың анасы үйде өздері қалған.
Үй алдында өрт шығып, сырттан көмек сұрай алмай, үйде қамалып қалған. Кейін өрт сөндірушілерге хабарласқан.
- Өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде келді. Үйдің кіреберісі түгелдей өртеніп жатыр екен. Үйден шығу мүмкін емес. «Драгер» аппаратын кие отырып үйдегі отбасы мүшелерін терезеден шығарып алдық, - дейді Ақжар өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Талғат Айтқалиев. - Әйел мен балалар қатты шошып қалған екен.
Ешкім зардап шеккен жоқ.
Айта кету керек, сенбі және жексенбі күндері облыста төрт бірдей өрт болған. Алты тұрғын мен екі бала зардап шеккен.