Шығыс өңірінде жаңа үйлер тұрғызылады
Облыс орталығы жыл санап көркейіп келеді. Әсіресе соңғы уақытта абаттандыру тұрғысында бірқатар жұмыстар қарқынды жүргізілуде
Славский атындағы жағалау, Жеңіс саябағы, Комендантка өзенінің жағалауы тегіс жаңартылып, халық ең жиі қатынайтын орындарға айналды.
Облыс басшылығы бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыруды жоспарлауда. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов қала тұрғындарымен өткен кездесу барысында айтып өтті.
- Бүкіл республика көлеміндегі ең ұзын жүгіру жолы Өскеменде, - дейді Даниал Кенжетайұлы. - Келесі жылы бұл жүгіру жолын ЖМК көпірі арқылы 19-шағын ауданмен жалғастырып, ары қарай соза түсеміз. Осыдан кейін ағаштар орнатылып, облыстық драма театры, мектеп, ауылшаруашылық тауарларын сататын «Фрешмаркет» дүкенінің және ипподром тұсынан жастарға арналған үйлер тұрғызылады.
Облыс басшысының айтуынша, бұл үйлер жастарға жалға берілмек.
Айта кету керек, мұндай тұрғын үйлер өңіріміздің тәжірибесінде тың жаңалық емес. Осыған дейін медицина қызметкерлеріне арналған үйлер табыс етілген болатын.