Семей тұрғыны өз ақшасына шағын стадион салды
Восточное кентінің №12 орта мектебі алаңында жаңа спорт кешені ашылды.
Аталған мектептің түлегі әрі кәсіпкер Арман Машимов үш айдың ішінде футбол ойнауға арналған алаң салып берген.
- Маған достарым көмектесті. Олардың арасында Елена Губанова, Мират Тоқсейітов, Нұрлан Берібосын және бірнеше жергілікті компания өкілдері бар, - дейді кәсіпкер. - Бұл кент Семей қаласының шетінде орналасқан, сондықтан да балалар арналған мұндай ойын алаңы керек деп ойлаймыз.
Спорт алаңының жан-жағы металл қоршаулармен бекітілген. Волейбол ойнайтын, баскетбол ойнайтын алаң және жүгіру жолағы да салынған. Қазіргі таңда спорт алаңына тек бейнебақылау камералары мен жарық беру қондырғылары ғана орнатылмай отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бұл қондырғылар орнатылады.
- Бұл мектепте 1200 оқушы білім алады. Бұл балалар үшін өте қуанышты жағдай. Біздің мектептің түлектері қашанда өзінің ұшқан ұясына қамқорлық жасауға әзір тұрады, - дейді мектеп директоры.
Кәсіпкер өз қаражатына спорт алаңын ғана салып қоймай, футбол жаттықтырушысын да өз қаржысына жалдаған.
Следующая →