Шаяндар неліктен азайып кетті?
Қазір Ертіс өзеніндегі шаяндардың азайып кеткендігін жиі естиміз. Қалада тұрғындарының көпшілігі шаяндарды аулап, оны азық ететіні белгілі
Ғалымдардың айтуынша, өзен шаяндары Ертіс су айдынынан өткен ғасырдың 90 жылдары анықталған. Ертіс өзені шаяндардың тіршілік етуі мен көбеюіне жайлы орта болғанға ұқсайды, өйткені сол жылдардан бастап жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығына дейін бұл тіршілік иелерінің өсімі мол болған.
- Ертісте бір ғана шаянның түрі кездеседі. Ол - ұзын етекті өзен шаяны. Бұл шаяндар қысқа ғана уақыт ішінде көбейіп үлгерді. Яғни, жиырма жылдың ішінде тез көбейгені сонша - облыста арнайы өзен шаянын аулаумен айналысатын кәсіптің пайда болуына ықпал етті, - дейді бас ғалым Дамир Жаркенов.
Өзен шаяндарының өзі де өсімтал келеді. Оның үстіне, Ертіс өзеніндегі температура шаяндарға қолайлы, азық-жем жағдайы да оң жамбасынан келген сияқты. Ертіс өзеніндегі шаян шаруашылығы республикадағы ең ірі әрі пайдасы мол кәсіптің бірі болған. Өзендегі өлі балықтармен қоректенетін шаяндар кейде кейбір балықтар мен құстардың да жемі болатын. Алайда қазіргі таңда өзен шаяндары күрт сиреп кеткен.
- Шаяндардың жоғалып кеткендігі рас. Соңғы төрт-бес жыл бойы Ертістен мүлдем көрінбей кетті. Бұрындары көп аулайтын едік. Қазір шаяндарды аулауға ешкім бармайды, - дейді қала тұрғыны Виктор Раченков.
Ал «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Алтай бөлімшесі ғалымдарының айтуынша, өзен шаяндары 2010 жылдан бері оба ауруы кесірінен азайып кеткен.
- Өзен шаяны - Ертіс бассейніндегі барлық су қоймаларда, өзен мен көлдерде қазіргі таңда сирек кездесетін омыртқасыздар класына жататын судағы тіршілік иесі. Шүлбі су қоймасы мен Ертіс өзенінің төменгі ағысында тіршілік еткен өзен шаяндарының 2010 жылдың көктем-жаз айларында жаппай қырылғандығы анықталды. Сол уақытта жүргізілген зерттеулер нәтижесінде өзен шаяндарының жаппай өліміне «шаян обасы» себеп болғаны белгілі болды. Шаян обасын вирустық саңырауқұлақ қоздырған, - дейді Алтай балық шаруашылығы бөлімінің директоры Сымбат Ануарбеков.
Ал 2012 жылы Бұқтырма су қоймасы мен осы аймақтағы өзен-көлдерде тіршілік ететін шаяндардан да аталған ауру белгілері табылған. Клиникалық зерттеулер нәтижесінде, шаяндардың белсенділігі баяулап, қоныс аудару мүмкіншілігі төмендегені белгілі болған.
- Ғылыми зерттеу жұмысы кезінде ауланған шаяндардың 30%-ы ауруға шалдыққан. Яғни, кеудесі мен құйрық тұсында қызыл-қоңыр түстес дақтар қаптап кеткен. Аурудың кесірінен шаяндардың денелері мен терісі зақымданған, - дейді Сымбат Ануарбеков.
Егерде 2000 жылдардың басы мен ортасында Ертісте шаян аулау кезінде бір аудың ішінен 20-30, кейде 48 шаянға дейтін шығатын болса, қазіргі уақытта бір аудың ішінен тек бір ғана шаян шығатын көрінеді. Яғни, бұл өзен шаяндары 20-40 есеге азайды деген сөз.
Шаяндардың азаюы Ертіс өзеніндегі биологиялық түрдің қысқаруына ғана әкелмей, шаян аулау кәсібінің тоқтауына да себепші болған.
- 2013 жылдан бері Ертіс өзеніндегі шаян шаруашылығы тоқтап тұр. Қазіргі уақытта өзен шаяндары бірең-сараң ғана кездеседі, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Ал кейбір қала тұрғындары өзенде шаянның азайғаны дұрыс дейді.
- Өйткені шаяндар балықтың уылдырығымен, шабақтарымен қоректенеді. Шаян көбейсе, балықтың саны да азаяды. Ал шаянның еті балық етімен салыстырғанда нәрсіз, көлемі де аз ғой. Сондықтан шаянның азайғаны дұрыс деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Жеңісбек Мульянов.
Дегенмен облыстағы балық шаруашылығы шаяндардың таралымын қайта қалпына келтіруді ойлап отыр.
- Өзен шаяндарының табиғи қорын қайта қалпына келтіру ұзақ уақытты талап етеді. Шаяндарды сақтап қалу мақсатында балықшыларға, өзен жағасындағы тұрғындарға ауға түскен шаяндарды қайта суға жіберуге ұсыныстар айтылған, - дейді Сымбат Мұхаметбекұлы.