Өскеменде жүргізуші әйел полицияны теуіп жіберген
34 жасар қала тұрғыны патрульді экипаж қолына түскенге дейін бір клубтан, екіншісіне зулап жүрген
Облыс орталығы көшелерінің патрулінде жүрген құқыққорғау органдарының қызметкерлері полицияның заңды әрекетіне дөрекі жауап беріп, қол көтерген жүргізушіге тап болған.
Honda CR-V маркалы көлікпен келе жатқан жүргізушіні құқыққорғаушылар 45-ші дәріхана маңайында ұстаған. Кроссовердің бұлталақтап кетіп бара жатқанын көрген тәртіп сақшылары көлікті тоқтатқан кезде, ішімдікке тойып алған әйелді көрген. Құжатын көрсетіп, көліктен шығуын сұраған тәртіп сақшыларына құжатын маңызды телефон әңгімесінен кейін көрсететінін айтқан. Ол осыдан кейін жайбарақат жолаушылар орындығына ауысып отыра салған.
Бірбеткей адам қызметтік көлікке отырғызылып, медициналық куәландыруға жеткізілді. Алайда ол әйел бұл үрдістен өтуден де бас тартып, ертіп келе жатқан қызметкердің ішінен бір тепкен. Бұл жерде медициналық қағаздың қажеттілігі жоғалып, бұзақы әйел аудандық бөлімге жеткізілді.
№2 Сот 34 жасар әйелді полицияның заңды талабына көнбегені үшін және билік өкіліне зорлық әрекеті үшін бір жылға бас бостандығынан айырды.