Бір сауда иіп кетеді, бір сауда киіп кетеді
Өткен аптада өткен аудандық сауда жұмысына «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мен Ұлан ауданының басшылары бақылау жүргізді
Естеріңізге саламыз, өткен демалыста өңір басшысы Даниал Ахметов Глубокий ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесінде қала тұрғындарынан жалған бағалар үшін кешірім сұраған болатын. Ол кезде жәрмеңке сөрелерін Өскемен қаласының алып-сатарлары басып алып, бағасын да лайықсыз белгілеп отырған болатын. Облыс әкімі бұған қатты наразы болып, алып-сатарлардың ендігі жолы кіруіне тыйым салды.
Бұл жолы жағдай өзгеше сарынмен жүрді.
- Таңғы 10 шамасынан бастап алып-сатарлармен арпалысудамыз. Бағаларды да қадағалаудамыз. Ауылдық округ әкімдері өз мамандарын, шаруа қожалықтарын жинап жұмыстар жүргізді. Қазір әркімнің өз орны бар, - дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов. - Әрине, олардың әрқайсысында тиісті құжаттары бар. Ауданнан келген жүк машиналарын колоннамен бір есіктен кіргізіп отырмыз. Қалған кіретін орындарда жергілікті полиция әрекет етуде. Алып-сатарлармен басқаша жұмыс істеудің жолы жоқ.
Алып сатарлар қалай әрекет етеді? Олар таңертең келеді де, бос орындарға келіп тұра қалады. Ары қарай саудаларын да жүргізе береді. Жәрмеңкеге қатысам деген шаруашылықтардың шараға қатысам деген арыздары болады. Егер артық біреу тізімде болмаса, олар сауда орнына кірмейді.Сонымен қатар, қала базарындада ет бағасы 1800 теңгеден тұр. Ал жәрмеңкеде 20 пайызға төмен бағамен сатылады. Яғни, ет бағасы 1400 теңгеден аспауы керек.
- Ауданнан барлығы 29 тонна азық-түлік әкелдік. Оның ішінде 10 тоннасы таза еті өнімі. Мектептер де бақшада өндіретін көкөніс-жемістерін алып келді, - дейді Дулат Қажанов. - Бағалар қазір өз бақылауымызда. Ауылдық округ әкімдері жиналып, өз мамандарымен бірге жиналып, әр нүктені бақылаудамыз. Әрине, олардың әрқайсысында тиісті құжаттары бар. Ауданнан келген жүк машиналарын бір колоннамен кіргізіп, қалған кіретін ороындарға жергілікті полицияны қойдық. Алып-сатарлармен басқаша жұмыс істеудің әдісі жоқ.
Өскемен қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалы да сауда орындарындағы бағалардың көрсетілген құнына сай болуын бақылады. Бұл жолы партия мүшелері қалалық қоғам мүшелерімен келіп қатысты
- Әрине, жұмсақ ет пен сүйек етті араластырып салатындар бар. Кемшіліксіз ештеңе болмайды ғой, - дейді «Нұр Отан» партиясының Өскемен қалалық филиалы төрағасының орынбасары Майраш Екібасова. - Дегенмен, бақылаудың бары жәрмеңкеде толыққанды байқалады.
Партия мүшелерінің айтуынша, мұндай көзқарас сатушыға да, тұтынушының да адалдық сезімін тудырады. Бүгінгі таңда халыққа да түсіндірме жұмыстары жүруде.
- Жәрмеңкеге үзбей қатысамын, - дейді Раиса Әзімханова. - Өткен жолы болған жағдай қайталанбады. Барлығы таза, саудасы да әділетті өтіп жатыр. Тіпті қолөнершілері де келген. Билік жұмысының нәтижесі байқалып тұр.
Шыны керек, бақылау бұл жолы өз нәтижесін көрсетті. Алып-сатарлар да жәрмеңке айналасында жүк көліктерімен келіп қарап тұрды. Сауда-саттық та салиқалы ағымымен жүре берді.
Айдос Мырзахметов