Пойыз машинистері Өскемен аумағында 29 рет шұғыл тоқтауға мәжбүр болған
Темір жолға шығып кеткен адам мен автокөлік, жайылымдағы мал мен жабайы жануарды қағып кетпес үшін машинистер тежегішті шұғыл басқан

Ал бұл әрекеттің салдары – пойыздар кешігіп, жанармай шығыны көбейіп, басқа да шығындар артады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен өңірінде теміржол қауіпсіздігі мәселесі қайтадан өзекті тақырыпқа айналды. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, теміржол маңындағы тәртіп бұзушылықтар азаймай отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өскемен жол дистанциясы қызмет көрсететін 252,6 шақырым теміржол учаскесінде пойыз машинистері 29 рет шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Бұл жағдайлардың басым бөлігі – адамдардың, автокөліктердің және малдың теміржолға шығуына байланысты орын алған. Атап айтқанда, 5 жағдайда теміржол бойында адамдардың болуы тіркелсе, 3 жағдайда автокөліктер өткелде немесе жолда пойыздың алдын кескен. Ең алаңдатарлығы – 16 жағдайда мал теміржолға шығып кеткен. Сондай-ақ жабайы жануарлар мен бөгде заттар да қауіп төндірген, - деп мәлімдеді Өскемен қалалық әкімдігі.
Мамандардың айтуынша, қауіптің негізгі себебі – қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу. Теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өту, малды қараусыз жаю, өткелдерде тәртіп сақтамау – осындай оқиғалардың басты себептері.