Өскеменде халық санының артуына байланысты медицинаға түсетін жүктеме өскен
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде денсаулық сақтау жүйесінің жыл басынан бергі жұмысы қорытындыланып, алдағы басым міндеттер айқындалды

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов халық үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі ғана емес, көрсетілетін қызметтің сапасы маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жиналыста онкологиялық көмекке ерекше көңіл бөлінді. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина науқастардың басым бөлігі егде жастағы адамдар екенін айтты. Бұл өңірдің демографиялық ерекшеліктерімен тікелей байланысты, себебі халықтың едәуір бөлігін зейнеткерлер құрайды.
Осыған байланысты ерте диагностиканың маңызы арта түсуде. Жиынға қатысушылар емханалар профилактикалық жұмысты күшейтіп, скринингтер мен қосымша тексерулердің ауқымын кеңейту қажеттігін атап өтті. Өйткені дертті дер кезінде анықтау емдеудің тиімділігін айқындайды.
Сонымен қатар, акушерлік қызмет саласы да баса назар аударуды қажет етеді. Облыс бойынша жылына шамамен 7 мыңға жуық әйел босанса, соның 6 мыңға жуығы Өскемен қаласына тиесілі, - деп мәлімдеді ШҚО әкімінің баспасөз қызметі. - Бұл Ана мен бала орталығына түсетін жүктемені арттырып отыр. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы аталған мекеме сапалы әрі қауіпсіз босануды қамтамасыз ету үшін қосымша жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет ететінін жеткізді. Бұдан бөлек, көшпелі медициналық қызмет түрлерін дамыту және аудандардағы медициналық көмекті күшейту қажеттігі айтылды.
Вакцинация жұмыстары оң бағаланып отыр. Жуырда өңірге жасаған сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шығысқазақстандықтардың шамамен 95 пайызы әлеуметтік маңызы бар және қауіпті ауруларға қарсы екпе алғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Кеңесте медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін азайту және кадр тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мәселелері де қаралды. Сондай-ақ Өскемен жоғары медициналық колледжінің жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі ағымдағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, студенттерге арналған оқу орындарының тапшылығы мәселесін бақылауға алу міндеттерін қойды.