Өскемендік оқушылар дрон технологиясымен танысты
Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы Oskemen Hub базасында "Drone Lab Наурыз" шарасын өткізді

Оған "Үміт" және "Детская деревня" балалар үйлерінің 11-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мақсат – оқушыларды заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарының технологияларымен және олардың түрлі салаларда қолданылу мүмкіндіктерімен таныстыру. Бағдарлама барысында қатысушылар дрондардың қалай жұмыс істейтінін, олардың бүгінгі күні қай салаларда қолданылатынын білді. Атап айтқанда, дрондардың бейнетүсірілімде, логистикада, аумақтарды бақылауда және құтқару операцияларында қолданылуы туралы айтылды, - дейді ұйымдастырушылар.
Мамандар оқушыларға ұшқышсыз аппараттарды басқарудың негіздері, олардың жұмыс істеу принциптері және заманауи дрондардың негізгі технологиялары туралы түсіндірді. Теориялық бөлімнен кейін оқушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, мамандардың жетекшілігімен дрондарды өздері басқарып көрді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастарға жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге көмектесіп, оларды IT және инновациялар саласындағы мамандықтарды таңдауға ынталандырады.