ШҚО-да бірнеше ірі қара түлкіден құтыру ауруын жұқтырған
Зайсан ауданында түлкі қапқан бес сиырдан құтыру ауруы анықталған

Өткен жылы осындай жағдай көршілес Тарбағатай ауданында да тіркелген екен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандыков мәлімдегендей, Зайсан ауданы аумағында жабайы түлкімен байланыстан кейін ірі қара мал арасында құтыру ауруы тіркелді.
Түлкі дер кезінде ұсталып, жүргізілген диагностикалық зерттеулер нәтижесінде жануардан құтыру вирусы анықталған. Ауру ошағы анықталғаннан кейін мамандар ірі қара мал басын жедел тексеруден өткізді. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша бес сиырдың құтыру жұқтырғаны белгілі болды, - дейді Рамиль Сағандыков. - Инфекция ошағында барлық қажетті эпизоотияға қарсы іс-шаралар шұғыл түрде жүргізілді: шектеу шаралары енгізіліп, жануарлар оқшауланды және кешенді санитарлық өңдеу жұмыстары атқарылды.
Басқарма басшысы өткен жылы осындай жағдай көршілес Тарбағатай ауданында тіркелгенін атап өтті. Ол кезде түлкі үй жануарын тістегенімен, зертханалық тексеру нәтижесінде одан құтыру вирусы табылған жоқ.
Мамандар құтырудың аса қауіпті ауру екенін еске салып, ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін уақытылы вакцинация жүргізуге және жануарлардың күдікті мінез-құлқы байқалған жағдайда ветеринариялық қызметтерге дереу хабарлауға шақырады.