ШҚО-да биыл 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ
Жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы бойынша 2026 жылы 17 440 жұмыс орны құрылып, оның 13 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болады

Жұмыс орындары жеке бастамалар, қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту, сондай-ақ инфрақұрылымдық және инновациялық жобалар мен мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында құрылмақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл туралы ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Сауле Зарлық айтты.
2025 жылдың қорытындылары қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр: облыста 28 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады, бұл республикалық орташа көрсеткішке сәйкес келеді, - дейді ол.
Осы орайда айта кеткен жөн, қазіргі таңда облыста 13 мансап орталығы жұмыс істейді, олар азаматтарды жұмыс іздеуден бастап, кәсіби оқыту және тұрақты жұмысқа орналасуға дейінгі барлық кезеңдерде сүйемелдейді. 2025 жылы осы орталықтардың көмегімен 10 547 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Субсидияланатын жұмыс орындары жұмыспен қамтудың тиімді құралдарының бірі болып қала береді. Өңірде "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар", "Әлеуметтік жұмыс орындары" бағдарламалары және "Күміс жас" жобасы табысты жүзеге асырылуда. Өткен жылы бұл бағдарламаларға 5 604 адам қатысып, уақытша жұмыспен қамтылып, кейін еңбек нарығында тұрақтануына мүмкіндік алды, - дейді ШҚО еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Есимбекова. - Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы облыстың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 258 грант берілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, шағын бизнестің дамуына серпін берді. Мүгедектігі бар адамдарды қолдау да маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Облыста оларды жұмысқа орналастыру бойынша квоталар белгіленіп, жеке қажеттіліктеріне бейімделген арнайы жұмыс орындары құрылуда.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аудару бағыты да өзектілігін сақтауда. 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысына 794 адам қоныс аударса, ал келесі жылы 600 қоныс аударушы мен қандасты қабылдау жоспарланып отыр. Олар үшін қаржылай төлемдер, тұрғын үйге көмек және экономикалық мобильділік сертификаттары қарастырылған. Бұдан бөлек, өңірде еңбек ресурстарын тартуға бағытталған "Шығыс шақырады" өңірлік бағдарламасы іске асырылуда.
2026 жылы басты назар жастарды, 50 жастан асқан азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды және әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтуға аударылады. Жоспарға сәйкес, 8 301 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру, 3 205 субсидияланатын жұмыс орнын құру, 440 жұмыссыз азаматты қысқа мерзімді кәсіби оқыту және 300 грант беру көзделген.