Өскемендік әскерилер ардагердің үйінің ауласын қардан тазартты
Өскемен қаласындағы 99230 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Хариннің хәлін сұрап, қажетті көмек көрсетті

Бірнеше күн бұрын қалың жауған қардан ардагердің үйінің есік алды мен шатырына қар үйілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әскерилер ардагердің ауласын қардан тазартып, үй шатырының үстінде жиналған қарды да толықтай тазалап шықты.
Бұл игі іс – майдангерге көрсетілген шынайы қамқорлық пен құрметтің айқын көрінісі.
Біздің отбасымыз үшін мұндай қамқорлықтың мәні зор. Әскери қызметшілердің көмегі бізге үлкен қолдау болды. Көрсетілген көмек, құрмет пен жылы қарым-қатынас үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді ардагердің қызы Вера Макаровна.
Макар Харин де көрсетілген қолдау үшін әскери қызметшілерге алғысын айтып, жастарға ақ батасын берді. Мұндай игі бастамалар жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, аға буынға деген сыйластықты нығайта түсетіні сөзсіз.


