Өскеменде тарбағатайлық этно ансамбль концерт береді
"Барқытбел" этно ансамблі қазақтың көне музыкалық мұрасын жаңғыртып, оны жаңа форматта ұсынып, рухани құндылықтарымызды, тіпті, шетелдерде танытып жүр

Кеште әлемге әйгілі "ТURAN" этно ансамблі де өнер көрсетпек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Дала сарыны" атты ұлттық музыка кеші 24 қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының үлкен залында өтеді.
"Барқытбел" ансамблі этнофольклор, қазақ дәстүрлі музыкасын насихаттаушы, домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, саз-сырнай, шертер, жетіген, қыл-қобыз, шіңкілдек сияқты аспаптарын жаңғыртушы. Этно ансамбль 2023 жылы Петропавл қаласында өткен "QYZYLJAR FEST" халықаралық фестивалі, ЮНЕСКО халықтарының көне мәдени мұралары конвенциясына байланысты Моңғолия Халық Республикасында (Ұланбаторда) өткен "КӨШПЕНДІЛЕР-2023" халықаралық фестивалі, 2024 жылы Катонқарағайда өткен «Алтай - Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі, ҚХР Тайюань қаласында өткен дүниежүзілік "GANNAT" фестиваліне қатысып, қазақтың көне аспаптарымен ұлтымыздың төл өнерін паш етті.
Облыстың талғампаз көрермені бұл кеште заманауи музыкамен астасқан ұлтымыздың күйлері мен әндерін, Кетбұғаның әйгілі "Ақсақ құлан" күйі, Доспамбет жыраудың "Айнала бұлақ басы - Тең" толғауы, "Барқытбелм" мен "Тұран" ансамблінің авторлық шығармаларын тыңдай алады.