ШҚО-да бес күнде көлікті мас күйінде тізгіндеген 13 жүргізуші ұсталды
Жаңа жылдың алғашқы күндері Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді

Бес күн ішінде полицейлер 1 725 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі - жол жүрісі қағидаларын бұзу фактілері, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
Тәртіп сақшыларын көлікті масаң күйде басқару жағдайлары әлі де қатты алаңдатып отыр. Аталған кезеңде 13 мас жүргізуші ұсталды. Көп жағдайда әңгіме алкогольдік масаң күй туралы болды, алайда салдарының ауыр екенін біле тұра, медициналық куәландырудан бас тартқандар да табылды. Мұндай әрекет масаң күйде болу фактісін мойындаумен тең саналады және қатаң жазаға әкеп соғады, - деп мәлімдеді ШҚО ПД.
Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандардың қайтадан рөлге отыру жағдайлары да көп. Енді бұл бұзушыларға әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында 16 көлік құралы пайдаланудан алынып, арнайы тұрақтарға орналастырылды. Оған техникалық ақаулардан бастап, қажетті құжаттардың болмауына дейінгі түрлі жағдайлар себеп болған, - делінген хабарламада.
Тексеру барысында мынадай заңбұзушылықтар да анықталды:
- Міндетті сақтандырусыз көлік басқару;
- Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану;
- Көлікті заңсыз қайта жабдықтау;
- Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзуы (бұл әсіресе қалааралық және жолаушылар тасымалында өте қауіпті);
- Апаттық жағдай туғызу және жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеу.
Профилактикалық іс-шаралардың жеке бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қорғауға бағытталды. Полицейлер жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінде адамдарға жол бермеуінің ондаған жағдайын анықтады. Сонымен қатар, жолды белгіленбеген жерден өткені және қауіпсіздік талаптарын елемегені үшін жаяу жүргіншілердің өздері де жауапқа тартылды.