Өскемен мен Семейді жарықтандыруға бөлінген қаржыны жымқырғандар сотталды
2019 жылы Өскемен және Семейдегі көше жарықшамдарын энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстыру жоспарланған

"ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ-ның бұрынғы басшысы Батырбаев пен бірнеше адам жабдықтар мен жұмыстардың құнын негізсіз өсіріп, мемлекетке жалпы сомасы 320 млн теңге залал келтірілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР ҚМА хабарлағандай, Өскемен қаласында "ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы" АҚ-ның бұрынғы басшысы Батырбаев Д.Б. және басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айыптау үкімі шығарылды.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында аталған акционерлік қоғамның бұрынғы басшысы сенімді тұлғаның атына ЖШС тіркеп, оны жалған шарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қосалқы мердігер ұйым ретінде пайдаланған. Сот үкімімен Д.Б. Батырбаев, Ю.Г. Халитов және Н.Т. Папышевқа 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, азаматтық талап қанағаттандырылды, - деп мәлімдеді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік — тұрғын үйі бар жер учаскесі мен автокөтергіш тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енді.