Учаскелік полиция инспекторы – қоғамның тыныштығын күзетуші
Учаскелік полиция инспекторының міндеті – қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу

Олар өзі қызмет ететін аумақта отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық заңбұзушылықтардың жолын кесуді мақсат етіп, халықпен тығыз жұмыс жасайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ол үшін учаскелік полицияның бойында қатаң мінез, темірдей тәртіппен қатар көпшілдік, тез тілтабысушылық қасиеті болуы керек.
Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Данияр Байжумин бұл қызметке кіріскеніне 5 жылдан асқан. Бүгінде №1 учаскелік полиция пунктінде өз аумағына қарасты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ала таңнен қара кешке дейін аянбай тер төгіп жүрген жандардың бірі.
Өзен вокзалынан Славский көшесі бойымен Әуезов көшесіне дейін, Крылов көшесінен Жеңіс көшесіне дейінгі шаршы аумақ №1 учаскелік полиция пунктінің қарамағында. Өзіме қарасты учаскедегі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық заңбұзушылықтарды болдырмау, құқықтық сауаттылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргіземін, - дейді Данияр Төлеуханұлы.
Учаскелік инспектордың айтуынша, бұл - қылмыс аз тіркелетін, тыныш жатқан аумақ.
Күнделікті жиналыс барысында жұмыс барысы пысықталып, тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік сотқа құжаттарды тіркейміз. Тиесілі учаскелік аумақты аралап тұрғылықты халықпен профилактикалық әңгіме жүргіземін. Кешкі сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін учаскелік пунктінде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаймын. Сондай-ақ есепте тұратын шартты түрде босап шыққан азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексереміз, - дейді учаскелік полиция.
Данияр Байжумин 1987 жылы Тарбағатай ауданының Шілікті ауылдық округінде дүниеге келген. 11 сыныпты шекарашы орта мектебінде оқып, кейін С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да жоғары білім алған.
Қызмет жолым мемлекеттік мамандандырылған күзет басқармасынан басталды, онда 3 жылдай еңбек еттім. Кейін Риддер қаласында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып істедім. 2018 жылы Өскемен қаласына ауысып, кадр саясаты бөлімнің инспекторы, 2020 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметіндемін, - дейді тәртіп сақшысы.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің демекші, полиция қызметкеріне тән мінез-құлық Даниярдың бойында бала күнінен қалыптасқан.
Әкем ауыл мектебінде ұзақ жыл бойы "Алғашқы әскери дайындық пәнінің" мұғалімі болып қызмет етті. Әкемнің қатал мінезі, өзін-өзі ұстауы, сөз саптауы – бізге үлгі еді. Үнемі әскери форма киіп жүретін, мен де әкеме еліктеп өстім, бала күнімде өзімнің әскери формам болды. 8-сыныптан бастап ауданаралық әскери шерулерге қатыса бастадым. Бойымда әскери мінез бала күнімнен қалыптасты, - деп еске алады Данияр Төлеуханұлы. - 11-сыныпты бітірген соң әкемнің жолын қуамын деп АӘП мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Студент кезімде полицияның қызметіне қызығушылық оянды.
Айта кету керек, Даниярға әке қанымен тек әскери болмыс емес, өнер де дарыған екен. Тәртіп сақшысы сурет салады, мұздан мүсін ояды, музыкалық аспаптарда да шебер ойнай біледі.
Әкеміз суретті де керемет салатын. Мектепке қажетті жазулар, ақын-жазушылардың портреттерін, мерекелік-көрнекілік плакаттар мен даңқ бұрыштарын әкем қолмен салатын. Есейе келе мен де атсалыса бастадым. Алайда сурет салу мен үшін тек хобби. Өнер жолына бет бұрып, суретші болуға талпынбадым. Маған қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу, халықпен жұмыс жасау негізгі мақсат болды. Өнердің кез келген түрін оңай меңгеруге қабілеттімін: домбыра, гитара ойнау, мұздан мүсін жасау, - дейді Данияр Байжумин.
Тәртіп сақшысы жұбайы Аяулы Мырзаболқызымен бірге Саян, Ерсайын есімді екі ұл тәрбиелеп отырғанын да айта кеткен жөн.