Әскери полиция әскердегі құқықтық тәртіпті нығайтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерде әскери және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді

Жиында әскери ортадағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тәрбие жұмыстарын жетілдіру және сарбаздардың қауіпсіздігін арттыру басым бағыт ретінде қаралды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Президент әскерде заң мен тәртіптің мүлтіксіз сақталуы – ел қорғанысының негізгі кепілі екенін атап өтіп, құқықбұзушылыққа жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шараларды күшейтуді тапсырды. Әскерилердің мерт болуы мен жарақат алуына себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Осы бағытта әскери полиция органдарының қызметі ерекше маңызға ие. Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің әкімшілік тәжірибе бөлімшесі мерзімді әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықты болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімі әкішілік тәжірибе бөлімшесі бастығы әділет капитаны Ғани Нұрғаламбаевтың айтуынша, әскери полиция офицерлері күнделікті профилактикалық шараларды жүзеге асырады.
Жүйелі профилактика – құқықбұзушылықтың алдын алудың негізгі тетігі. Осы арқылы жас сарбаздардың тәртіп мәдениеті артып, әскери қызметтің қауіпсіздігі күшейе түсуде, - деді ол.
Әскери бөлімдерде жеке құраммен құқықтық түсіндіру сабақтары, алдын алу бағытындағы дәрістер мен жеке әңгімелесулер тұрақты өткізіледі. Әскери полиция қызметкерлері тәуліктік кезекшілікке түсіп, сарбаздардың тәртібін, бөлмелердегі ахуалды, әскери режимнің сақталуын бақылап отырады.
Әскери полицияның үйлесімді және тұрақты жұмысы әскердегі тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.