ШҚО-да психотроптық заттар сатып жүрген ер адам ұсталды
Өзге облыстан келген 26 жастағы азамат тыйым салынған интернет-дүкеннің есірткіні орап-қаптаушысы болған

Тінту кезінде оның пәтерінен жарты келіге жуық психотроптық заттар тәркіленді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД-ға сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, тағы бір заңбұзушының ізіне түскен.
Жедел жүргізілген тінту барысында ұсталған азаматтың пәтерінен 132,52 грамм α-PVP және 286,48 грамм мефедрон, жалпы салмағы 419 грамм болатын психотроптық заттар тәркіленді. Сондай-ақ электрондық таразылар, "тауарды" орау үшін пайдаланылған, көптеген зип-пакеттер және изолента орамасы табылды, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ШҚО Полиция департаменті психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тарату немесе дайындаумен айналысқан адамдар заңмен қатаң жазаланатыны туралы ескертеді. Полицейлер облыс тұрғындарын бейжай қалмауға, күдік тудыратын кез келген әрекеттер туралы тез арада полицияға хабарлауға шақырады.