Өскеменде Конгресс-холл мен 500 орындық мұз сарайы салынады
Концерт залы мен жаңа мұз сарайы Есенберлин даңғылындағы Тәуелсіздік монументінің жанында болады

Сондай-ақ Сәтбаев даңғылында әмбебап спорт аренасы бой көтермек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде салынатын бірқатар нысанның жобаларымен танысып, жер учаскелерін аралады. Ең әуелі әмбебап спорт аренасы бой көтеретін Сәтбаев даңғылындағы "ЛИК" тұрғын үй кешені аумағына барды.

Төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатында 5 мың көрермен сыятын шағын футбол аренасы, бассейн, көркем гимнастика залы, дәмхана, медицина орталығы, ал үшінші қабатта баскетбол, волейбол залдары орналасады. Аталған жоба өңірде бұқаралық спортты дамытуға және түрлі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік бермек, - деп мәлімдеді ШҚО әкімінің баспасөз қызметі. - Есенберлин даңғылында бой көтеретін Конгресс-холл 1500 орындық. Екі концерттік залы бар жаңа орталық 3 қабаттан тұрмақ. Онда концерт, форум, фестиваль мен білім саласына қатысты шаралар өткізіледі. Тәуелсіздік монументінің жанында орналасқан жер учаскесінің аумағы - 4 гектар.
Дәл оның қасына 500 орындық Мұз сарайы салынады. Ол тарихы тереңде жатқан шығысқазақстандық хоккейді, коньки спортын, мәнерлеп сырғанауды дамыта түсуге жағдай жасайды.
Нұрымбет Сақтағанов бұл үш ірі жобаның Шығыс Қазақстан облысының орталығында қалыптасып келе жатқан жаңа спорттық-мәдени кеңістіктің негізін құрайтынын атап өтті.