ШҚО-да Smart Driving Technology инженерлік орталығы ашылды
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында заманауи технологияларды меңгерген, жаһандық деңгейдегі инженерлер даярлайды

Орталықта интеллектуалды автожүргізу жүйелері, смарт-автокөлік платформалары, сенсорлық технологиялар, қауіпсіздік алгоритмдері сияқты бағыттар бойынша зерттеу, оқыту және тәжірибелік жұмыстар жүргізілетін болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Орталық Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Қытай Халық Республикасының Tianjian Vocational Institute және CATARC Intelligent компаниясымен бірлесіп құрылған.
Орталықтың маңыздылығы:
- Біріншіден - инженер даярлаудың жаңа стандарты. Яғни, студенттер тек теория емес, индустрияда бірден қолданылатын нақты технологиялармен жұмыс істейді. Бұл – өндіріс пен білімнің шынайы интеграциясы.
- Екіншіден - халықаралық платформа. Жобаға Қытайдың жетекші техникалық институты мен интеллектуалды көлік жүйелерін жасайтын компанияның қатысуы – Қазақстан инженерлері үшін жаңа мүмкіндік береді.
- Үшіншіден - өңірдегі алғашқы Smart Driving орталығы. ШҚТУ базасында ашылған бұл орталық Орталық Азиядағы интеллектуалды көлік технологияларын дамытуға серпін береді.
- Төртіншіден - жаңа инновациялық экожүйе. Орталық болашақта Great Wall Motors, CATARC және басқа да өндірістік серіктестермен бірлескен R&D жобалар, зертханалар, стартаптар үшін алаңға айналмақ.

