ШҚО-дағы 34 мыңнан астам оқушы сабақты қашықтан оқып жатыр
Оған ЖРВИ, тұмаумен ауырғандардың көбеюі себеп

Маусымдық жұқпалы аурулардың көбеюіне байланысты 162 жалпы білім беретін мектептің 2013 сыныбында оқитын 34 655 оқушы уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Білім басқармасының ақпаратына сүйенсек, қашықтан оқып жатқан сыныптардағы 14 073 оқушы ауырып жатыр.
Жалпы 2025–2026 оқу жылында облыста 101 803 оқушыны қамтитын 347 мектеп жұмыс істейді.
Қашықтан оқып жатқан мектептер:
- Алтай ауданында – 21 мектеп;
- Глубокое ауданында – 16 мектеп;
- Зайсан ауданында – 5 мектеп;
- Катонқарағай ауданында – 4 мектеп;
- Күршім ауданында – 8 мектеп;
- Самар ауданында – 7 мектеп;
- Өскемен қаласында – 46 мектеп;
- Тарбағатай ауданында – 10 мектеп;
- Ұлан ауданында – 10 мектеп;
- Үлкен Нарын ауданында – 6 мектеп;
- Риддер қаласында – 9 мектеп;
- Шемонаиха ауданында – 16 мектеп;
- Облыстық – 4 мектеп.
Сыныптағы оқушылардың 30%-дан астамы медициналық анықтамамен сабақтан босатылған жағдайда қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылданады, - деп еске салды басқарма. - Білім беру процесі қашықтан оқыту талаптарына сай толық көлемде жалғастырылуда. Сондай-ақ оқушылар арасындағы аурушаңдықтың өсуіне байланысты (кейбір сыныптарда 20–30%) 109 мектептің 1 886 сыныбында кабинеттік жүйе уақытша тоқтатылды. Бұл сыныптарда 32 277 оқушы білім алуда, аурушаңдық – 6 679 бала.
Сонымен қатар, облыста 27,4 мың баланы қамтитын 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Ауру жұқтырған балалар саны – 7 879. Барлық мектепке дейінгі ұйымдар қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.