ШҚО экологтарына ауа сапасын бақылайтын мобильді зертхана табысталды
Мобильді зертхана ауа құрамын жедел талдап, ластаушы компоненттерді анықтайтын заманауи құралдармен жабдықталған
Құны 65,5 млн теңге зертхананы Halyk Bank сатып алып, экология департаментіне табыстады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Енді экологтар қолайсыз метеожағдай кезінде арнайы жабдықталған Газельмен қаланың кез келген жеріне барып, нақты уақыт режимінде ауа сапасына мониторинг жүргізе алады. Зертхана Өскемен қаласына тән барлық негізгі ластаушы компоненттерді жоғары дәлдіктегі электрохимиялық әдіспен талдайды. Атап айтқанда: SO₂ (күкірт диоксиді), H₂S (күкіртсутек), NOₓ (азот оксидтері), CO (көміртек оксиді), HCl (тұз қышқылы), Cl₂ (хлор), NH₃ (аммиак).
Бұл жылжымалы кешен бір мезетте 11 экологиялық мәселе бойынша көрсеткішті анықтай алады. Бұған дейін экология департаментінің қызметкерлері арнайы құралдары салынған чемодандарымен жүгіріп жүрсе, енді бірден осы көлікпен барып, сол жерде ауа сапасына талдау жүргізеді, ауадағы зиянды шығарындылар мөлшерін анықтайды. Нәтижесі бойынша сол мезетте кәсіпорын басшылығына, экология прокуратурасына ұсыныс жіберіп, қажетті шараларды қабылдайды, - деп атап өтті Нұрымбет Аманұлы.
Бұл кешен экологиялық жағдайдың нашарлауына жедел ден қоюға және халық пен мемлекеттік органдар үшін деректердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өскемен қаласындағы экологиялық мәселені шешу бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр. Ең алдымен маусым айында облыс әкімдігі қаладағы ірі кәсіпорындармен қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) туындаған кезде және экологиялық төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша өзара іс-қимыл жөнінде меморандум жасасты. Екінші кезекте ауа сапасын бақылайтын мобильді экозертхана жеткізіліп отыр. Енді мемлекеттік органдар, табиғат пайдаланушылар мен қоғамдық бірлестік арасындағы өзара іс-қимыл мехнизмі тиімді бола түспек, - дейді "Өскемен тынысы" экологиялық бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова. – Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы 550 млн теңгеге байқау өткізді. Бұл жоба бойынша алдағы уақытта ластаушы заттардың концентрациясын анықтау мақсатында өнеркәсіп орындарының маңайына қосымша датчиктер орнатылатын болады. Датчиктердегі ақпарат экологиялық бақылау картасына түседі. Ал картаны облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы әзірлеп жатыр.



