Өскеменде "Kazakhstan Fashion Week" сән апталығы өтті
Сән апталығы аясында жас дизайнерлер байқауы, белгілі стилистен шеберлік сағаты және сән көрсетілімі ұйымдастырылды

Биыл шаһарда екінші рет өткен сән апталығына Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден дизайнерлер келген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Көрсетілімде дизайнерлер Фатима Сулейменова, Динара Сеитова, Алексей Чжен, Адиля Ботабаева және Бекназар Алмазбек, Залкар Аскарали (ZALKAR) өскемендіктердің назарына өздерінің жаңа топтамаларын ұсынды.

Kazakhstan Fashion Week Oskemen 2025 - сән индустриясының маңызды оқиғаларының бірі. Сән апталығын ұйымдастыруға Eurasian Fashion School Oskemen мен Креативті индустрияларды дамыту орталығы атсалысқан.
Алғаш рет өскемендік студенттер арасында сән байқауы ұйымдастырылды.
Kazakhstan Fashion Week Oskemen қаламызда екінші рет ұйымдастырылуда. Ауқымды кештің жоғары деңгейде өтуіне 150 шақты адам атсалысып, дайындыққа 4 айға жуық уақыт кетті, - дейді ұйымдастырушы Лилия Каирова. – Осы орайда айта кетейік, қалалық әкімдік пен демеушілердің көмегімен колледж студенттері арасында (25 жасқа дейінгі) дизайнерлер байқауы өтті. Байқау қатысушыларын қажетті материалдармен толықтай қамтамасыз еттік. Сән байқауында 5 киімнен 5 коллекция ұсынылды. Байқау жеңімпаздары - апалы-сіңлілі Еско Виктория және Ульяна. Қыздар өте талантты, жұмыстары біз күткеннен асып түсті. Дарынды жастардың шеберлігін алматылық әріптестеріміз де жоғары бағалады.
Осы орайда айта кетейік, Қазақстанның сән әлеміндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі, белгілі байер, стилист Лилия Рах жастарға шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.
Өскеменді, тұрғындарын жақсы көремін. Шығыс жұрты ерекше әдемі, - дейді Лилия Рах. – Жастармен кездесу де жоғарғы деңгейде өтті, қыздармен өмір жайлы, сән, стиль жайлы ой бөлістік. Өскеменде сән индустриясы дамып келеді. Әр өңірде Kazakhstan Fashion Week ұйымдастырылып, жаңа есімдердің шығуына ықпал етілетіні қуантады. 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда сән әлемі қарқынды дамуда. "Дизайнер", "тігінші", "стилист" сынды жаңа мамандықтарды меңгеруге ынталы жастар да көп.











