ШҚО-да қолында 34 миллион теңгенің есірткісі бар азамат ұсталды
27 жастағы көршілес облыс тұрғынынан 1,5 келі есірткі тәркіленді

Ол шығысқазақстандықтаға мефедрон, синтетикалық есірткі, психотроптық заттарды жасырын сатумен айналысқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен ізіне түскен күдіктіден тінту барысында ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет табылып, тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру кезінде тағы бір қызғылт түсті ұнтақ салынған пакет және есірткіні бөлшектеуге арналған құралдар - бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар табылды, - деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың "мефедрон" (496,71 г) және "А-PVP" (581,13 г) сияқты психотроптық заттар екені дәлелденді. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің жасырын орнынан қосымша шамамен 500 грамм синтетикалық есірткіні тәркілеген.
Жалпы тәркіленген заттардың салмағы 1,5 килограммнан асады, бұл шамамен 5 000 бір реттік дозаға тең. Ал қара нарықтағы құны 34 миллион теңгеден жоғары бағаланады.
Тергеу барысында күдіктінің 2025 жылдың қазан айында өңірге келіп, қаланың әр аймағында жасырын орындарға есірткі қоюмен айналысқаны анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.