Аблакетка кентінің тұрғындары тасымалдаушы қызметіне наразы
Қыстың көзі қырауда, ал тұрғындар аялдамада қоғамдық көлікті сағаттап күтуге мәжбүр

Құқық қорғаушы Алексей Божковтың айтуынша, ауыл тұрғындары тасымалдаушының шарттың бұзылуына жол бермейтін өтініш бергенін білген. Жолаушылар тасымалдаушының мүддесін қорғайтын кез келген шараларға үзілді-кесілді қарсы және оны жауапсыздығы үшін барлық қалалық маршруттардан алып тастауды талап етуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жергілікті халық тиісті мемлекеттік органдарға қарсылықтарын білдіретін өтініш берген.
Аблакетка кентінде қоғамдық көлік жетіспеушілік мәселесі соңғы төрт жылда өте өзекті. Жергілікті билік өкілдеріне осы мәселемен сан мәрте жүгінгенімен, әлі күнге естір құлақ табылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен тұрғындар арасындағы дауды ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты медиативтік келісіммен шешіп, маршруттар санын көбейту туралы уәдеберілген. Бірақ сол уақыттан бері жағдай еш өзгермеген.
Енді тұрғындар мен тасымалдаушылар арасында дау басталды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тасымалдаушылар күніне 16-19 автобус қатынайды дегенімен, іс жүзінде оның тек бес-алтауы жолаушыларды тасымалдайды. Автобус жиі бұзылып, аязды күндері тұрып қалады.
"Оңай" қосымшасынан жасалған скриншоттан кеше №25 бағытта бес автобус және №4 бағытта тек бір автобус жүргенін көруге болады. Тасымалдаушы айтқан 16 автобус қайда? – дейді кент тұрғындары.
Қазір №25 бағытқа "Бахыт Жол" ЖШС қызмет көрсетеді және тұрғындар тасымалдаушыны ауыстыруды талап етуде.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетхановтың айтуынша, қаладағы бағыттар арасында бұл тасымалдаушының автобустарының жүру жиілігі ең төмен.
Соңғы сот шешіміне сәйкес, тасымалдаушы қоғамдық көліктердің жүру жиілігін 85%-дан төмен түсірмеуі тиіс еді. Бірақ сот шешімі шыққаннан бергі төрт айда бұл талап сақталмаған. Автобустардың жүру жиілігі 60-65 пайыз деңгейінде ғана болды. Сол себепті тасымалдаушыны ауыстыру мәселесі туындады, - дейді Абзал Асқарұлы.
Ал Өскемен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жақында сатып алынған 18 жаңа автобус Аблакеткаға жүретін маршруттарға берілетінін хабарлады.