ШҚО-да ЖИ технологияларын дамыту мен бірыңғай цифрлық экожүйе құру басты назарда
Өңірде халықтың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған заманауи шешімдер енгізілуде

Бұл туралы ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Сапарғалиев айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өңірдің медицинасы жасанды интеллект дәуіріне нық қадам басуда. Жасанды интеллект элементтері бар PACS жүйесі дәрігерлерге медициналық суреттерді талдауға, өкпе мен сүт безі қатерлі ісігін қоса алғанда, патологияларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл диагностика үдерісін жеделдетіп қана қоймай, оның дәлдігін едәуір арттырады, - дейді Арнұр Сапарғалиев. - Облыс тұрғындарының барлығы электрондық денсаулық паспорттарымен қамтылған, бұл медициналық деректердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект қалалық қауіпсіздік саласында да белсенді қолданылады. Оның көмегімен бейнебақылау деректері талданып, қоғамдық көліктің жұмысы оңтайландырылады. Бұл қалаларды анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.
Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында 5 839 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар облыс әкімі аппаратының ведомствоаралық жағдайлық орталығы мен полицияның жедел басқару орталығына біріктірілген. Қосымша 243 "Мерген" аппараттық-бағдарламалық кешені енгізілді, олар жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, - дейді басқарма басшысының орынбасары. - Сондай-ақ, 109 және 112 бірыңғай байланыс орталықтары тұрғындардың өтініштерін цифрлық шешімдер арқылы өңдеуде. Тек қазан айының өзінде 6 мыңнан астам өтініш түскен. Жыл басынан бері операторлар ондаған мың қоңырауға жауап беріп, тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге көмектесті.
ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде облыс халқының 97,1%, яғни 706 мың адамға интернет қолжетімді. 357 елді мекеннің 235-іне интернет қосылған, жыл соңына дейін тағы 56 ауылды қамту жоспарлануда. Шалғай елді мекендерді интернетке қосу 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бюджет есебінен 14 антенна-мачталық құрылым орнатылды, олар Топқайын (Катонқарағай ауданы), Қыстақ (Глубокое ауданы) және Жоғарғы Тайнты (Ұлан ауданы) ауылдарында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Өскемен қаласында жаңа буындағы 5G байланысының 32 базалық станциясы орнатылған, ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 62-ге дейін ұлғайтылмақ.
Oskemen Hub – стартаптар мен IT-жобаларды дамыту орталығы – өңірдің цифрлық серпініне айналуда. Мұнда жасанды интеллектті қоса алғанда, жаңа технологиялар бойынша мастер-класстар, хакатондар және оқыту бағдарламалары өткізіледі. 2025 жылдың басынан бері хаб 79 іс-шара өткізіп, оған 1 400-ден астам студент, кәсіпкер және IT-маман қатысты, - дейді Арнұр Сапарғалиев.