Биыл ШҚО тұрғындарынан 336 млрд теңге салық түскен
Оның 170,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттің, ал 166 млрд теңгесі республикалық бюджеттің қазынасын толықтырды

Өткен жылмен салыстырғанда түсім 161,4 млрд теңгеге артқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдердің өсім қарқыны 192,3% құрап, 161,4 млрд теңгеге артқан. Соның ішінде жергілікті бюджет бойынша өсім – 113,8% (20,6 млрд теңге), ал республикалық бюджет бойынша – 658,6% (140,8 млрд теңге), - дейді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қабыш Сайранқан.
Салық түсімдерінің негізгі бөлігі:
- пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 22% немесе 74,1 млрд теңге;
- ірі кәсіпорындардан түскен корпоративтік табыс салығы – 22,4% немесе 75,4 млрд теңге;
- төлем көзі арқылы ұсталған жеке табыс салығы – 15,1% немесе 50,9 млрд теңге.
Экономикалық салалар арасында ең көп түсім өңдеу өнеркәсібінен түскен – 28,6% (96,3 млрд теңге). Бұдан бөлек, көтерме және бөлшек сауда – 15% (50,4 млрд теңге), тау-кен өндірісі – 13,5% (45,3 млрд теңге), құрылыс саласы – 8,4% (28,1 млрд теңге) үлесін иеленді.
18 маусым мен 16 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы туристік нысандарда 110 рейдтік тексеру жүргізілді. Шара барысында кәсіпкерлердің бақылау-кассалық машиналарды, қолма-қол емес төлем жүйелерін пайдалану және салықтық тіркелу тәртібі қаралды. Нәтижесінде 148 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, оның 104-іне алғаш рет болғандықтан ескерту берілді. 39 іс сотқа жолданып, нәтижесінде 6,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімімен 125 850 теңгеге темекі өнімдері және 947 630 теңгеге алкогольдік ішімдік тәркіленді, - дейді Қабыш Сайранқан.
Мәселен, Катонқарағай ауданында кәсіпкер жазғы үйді тіркеусіз жалға берсе, Самар ауданында кассалық аппарат пен төлем қабылдау құрылғысы болмағаны анықталды.
1 сәуірден кейін жеке тұлғалардың көлік және мүлік салығы бойынша 1 091,0 млн теңге берешек қалыптасты. Оның 600,6 млн теңгесі өтеліп, 490,4 млн теңге қарыз әлі де 38 607 салық төлеушінің үлесінде, - дейді Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. - Қарызды азайту мақсатында салық органдары бірқатар шаралар жүргізуде: ескертпе-хаттар жолданып, өсімпұл есептеледі, өндіріп алу туралы қаулылар шығарылады, істер жеке сот орындаушыларына беріледі. Қажет болған жағдайда мүлікке тыйым салынып, банктік шоттар бұғатталып, шетелге шығуға шектеу қойылады.
Жыл басынан бері 789 рейд өткізілді. Соның нәтижесінде 17,6 млн теңге көлемінде берешек өтелсе, жұмыс істейтін борышкерлерден қосымша 7,5 млн теңге өндірілді.
2 қазаннан бастап мүлік салығы бойынша берешек 483,5 млн теңгеден 506 млн теңгеге дейін өсіп, 23 млн теңгеге артқан.
Осы орайда айта кеткен жөн, егер іс жеке сот орындаушыларына берілсе, қарыз сомасына қосымша 25% көлемінде өндіріп алу шығыны қосылады. Сондықтан артық шығын мен шектеу шараларына жол бермеу үшін салықды уақтылы төлеу маңызды. Төлемдерді eGov порталы, e-Salyq Azamat, Kaspi, Halyk және өзге де онлайн сервистер арқылы жүргізуге болады.