ШҚО-дағы экологияны жақсарту үшін 500 млн теңгеге мониторинг жүйесі алынбақ
Бүгін облыс әкімдігінде Өскемендегі экология мәселесі бойынша жиналыс өтті

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ауа сапасы нашарлаған кезде жедел шаралар қабылдау үшін тиісті алгоритм әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында мониторинг жүйесі алынатынын айтты. Мемлекеттік сатып алу порталында құны 498,5 млн теңге болатын жүйені сатып алу туралы хабарландыру жарияланған. Келісімшарт қол қою кезеңінде тұр.
Экология департаментін мобильді зертханамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Бұл мақсатта "Халық банкі" АҚ мен "Топан" ЖШС арасында осы жылдың 17 шілдесінде құны 65,5 млн теңге болатын арнайы жабдықталған ГАЗель базасындағы экологиялық мониторинг жүргізуге арналған жылжымалы станция сатып алуға келісімшарт жасалды. Қажетті төлемдер толық жүргізіліп, қазір станция жинақталу сатысында. Қараша айында Өскеменге жеткізіледі деп жоспарланып отыр, - деді Арман Есентаев.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы іс-шаралар жоспары әзірленген. Сол жоспарда барлығы 27 шара қарастырылған.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде жедел шаралар қабылдау үшін тиісті жұмыс алгоритмін әзірлеу керек. Халыққа дер кезінде ақпарат таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер, - деп тапсырды Нұрымбет Сақтағанов.