Шығысқазақстандықтар "Алтын домбыра" жүлдегері Серік Қуанғанға көлік мінгізбек
Жерлесіміз республикалық ақындар айтысынан жүлделі 2-орынмен оралды

Көрермен көзайымына айналып, "Айтыс ақтаңгері" медалімен марапатталған ақын ШҚО Нұрымбет Сақтағановтың қабылдауында болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кілең сайдың тасындай іріктелген ақындардың айтысында өңір атынан өнер көрсетіп, жүлделі орын иеленуіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өскеменде өзіңіз ашқан айтыскерлер мектебінен мықты түлектер шығады деп сенемін. Ұстазынан оза шабатын шәкірттеріңіз көп болсын! - деді облыс әкімі.
Серік Қуанған өз сөзінде айтыс кезінде шығысқазақстандық жайкүйерлердің үкілеген үмітін, демеуін шын сезінгенін айтып, әркез қолдау білдіріп келе жатқан облыс басшылығына алғысын білдірді.
Айта кетейік, "Айтыс ақтаңгері" атағы ел бойынша 9 ақынға берілсе, оның екеуі шығысқазақстандықтар. Алдағы уақытта Серік Қуанғанға өңір тұрғындарының атынан автокөлік табыс етілмек.