Шығысқазақстандық белгілі ақын, журналист Мұрат Тастағанов өмірден өтті
Қаламгер өңірлік БАҚ-та ұзақ жыл еңбек еткен

Сондай-ақ 60-тан астам әннің сөзін жазған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мұрат Мырқанұлы қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтты.
Мұрат Мырқанұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, "Коммунизм туы" (қазіргі "Дидар") газетінде және өңірлік БАҚ-та ұзақ жыл еңбек етті.
"Мәңгі жас ғұмыр", "Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім", "Алтын тау – Алтай" жыр жинақтарының авторы, 60-тан астам әннің сөзін жазған. Ол "Күршім ауданының Құрметті азаматы" атанып, туған өлкесінің рухани өміріне өлшеусіз үлес қосты. Ол ана тілі мен ұлттық рухтың жанашыры болды.
"Қазақ тілі" қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, сөздің киесін, тілдің қадірін ұлықтады. Кейін облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі "Ертіс өңірі" газетінде және Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет етіп, мәдениет пен өнердің дамуына елеулі еңбек сіңірді.