"Қалбатау – Майқапшағай" автожолы толық ашылды
Республикалық маңызы бар автожолдың 415 шақырымы қайта жаңартылды

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар "Қалбатау – Майқапшағай" автомобиль жолының 906-1321 шақырымы аралығындағы құрылысты аяқтап, жол қозғалысы жанданды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жоба Президенттің көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және еліміздің ұлттық жол желісін жаңғырту жөніндегі стратегиялық міндеттерін іске асыру мақсатында Қытай Экспорт-импорт банкінің және республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды.
Қайта жаңарту жұмыстары Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы 10 учаске мен 2 жол пайдалану бөлімшесін қамтыды. Негізгі құрылыс және асфальтбетон төсеу жұмыстары толығымен аяқталды, ал жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру шаралары биыл қараша айының соңына дейін толық аяқталмақ, - деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол" ҰК.
Жол құрылысына негізінен отандық құрылыс материалдары пайдаланылып, жергілікті жұмыс күші тартылды. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты жұмыспен қамтуына және өңірдің экономикасының дамуына оң әсер етті.
"ҚазАвтоЖол" ҰК ақпаратына сүйенсек, жоба шеңберінде 8 асфальтбетон зауыты жұмыс істеді. 2,4 млн тонна асфальтбетон қоспасы өндіріліп, 1,3 млн текше метр қиыршық тас пайдаланылды. Сондай-ақ, шамамен 1100 бірлік жол-құрылыс техникасы және 1800-ден астам маман тартылды. Қайта жаңарту аясында 37 көпір, 2 жол өткелі, 2 көлік айрығы, 349 су өткізу құбыры, 5 демалыс алаңы және 2 санитарлық-гигиеналық торап салынды. Бұл шаралардың барлығы жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
"Қалбатау – Майқапшағай" тасжолы еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Бұл жол Қазақстанның орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі, - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев.