ШҚО-ның бірнеше ауданында үйлерге жылу беріле бастады
ШҚО-да ауа температурасының +10 °C-тан тұрақты түрде төмендеп кетуіне байланысты 2025 жылдың 1 қазанында жылыту маусымы басталды

Қазіргі уақытта орталықтандырылған жылу Өскемен, Риддер қалаларында және облыстың солтүстік аудандарында қосылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өңірдегі балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер сынды әлеуметтік нысандардың барлығы жылуға бұдан ертерек қосылған. Қалған аудандарда жылу кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылуға қосу техникалық регламенттерге сәйкес жүргізілуде.
Облыстағы 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жылыту маусымына толықтай әзір. Оларды қосу температуралық кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Өңір бойынша 52,8 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтті. Жалпы ұзындығы 537 шақырым электр желілері, 39 қосалқы станция және 55 трансформаторлық қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті, - деп мәлімдеді облыстық әкімдік.
Сондай-ақ, апаттың алдын алу мақсатында 243 шақырым электр желілері бойындағы ағаш бұтақтары кесілді, бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Облыстағы үш жылу электр орталығы түгел жұмыс істеп тұр. Риддер қаласындағы орталықтың жылыту маусымына дайындығына баса назар аударылған. Онда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қуат резерві жасалды. Биыл жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 23 учаскесі жөнделді, - делінген облыстық әкімдік ақпаратында. - Инженерлік желілер мен жылу көздерінде техникалық ақаулар туындаған жағдайда коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Апаттық бригадалар құрылып, қажетті арнайы техникамен және материалдармен қамтамасыз етілді.
ҚР Энергетика министрлігімен, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және "Қаражыра" АҚ-мен бірге өңірге отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс қолға алынған.
Қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтамасыз етіліп, халық үшін 332,4 мың тонна көмір (жоспарланған көлемнің 73%-ы) дайындалды. Көмір бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп келеді. Барлық жылу көздерінде көмірдің нормативті қоры, яғни кем дегенде 20 тәулікке жететін 424,4 мың тоннасы бар.
Жергілікті атқарушы органдар көмірдің жеткізілу барысын күнделікті бақылап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.