ШҚО-да еңбек адамдарына құрмет көрсетілді
"Еңбек жолы" республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

ШҚО-дағы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың еңбегін бағалауға үндеу және жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыру мақсатында "Адал азамат – адал еңбек" салтанатты шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Қазақстанда еңбек адамына айрықша құрмет көрсетіліп келеді. Әр азамат еңбектің қадірін түсініп, адал жұмыс істесе - еліміз алға басады. Сондықтан адал еңбек ету қағидасын халқымыздың, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру - аса маңызды міндет, - деді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.
Шара барысында "Еңбек жолы" республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
"Үздік еңбек династиясы" номинациясы:
- 3-орын - "Өскемен құс фабрикасы" АҚ-да жұмыс істейтін Қушановтар династиясы және "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ-да еңбек ететін Әбубәкіровтер династиясы.
- 2-орын - Фатеевтер мен Линкерлер династиясы (олардың әулетіндегі 25 адамның "Өскемен құс фабрикасы" АҚ-дағы жалпы еңбек өтілі - 307 жыл).
- 1-орын - Дёминдер династиясы (олардың әулетіндегі 32 адамның "Қазцинк" АҚ-дағы жалпы еңбек өтілі 650 жылды құрайды).
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" республикалық конкурсында "Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын" және "Экологияға қосқан үлесі үшін" атты екі номинация бойынша "Өскемен жылу электр орталығы" марапатталды. Ал "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" номинациясының лауреаты - "Камышинское" ЖШС, "Үздік ұжымдық шарт" номинациясының лауреаты - "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ, "Үздік ұжымдық шарт" номинациясының лауреаты - "Сәулет" ЖШС, "Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын" - "Vosca" ЖШС, "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" номинациясының лауреаты - Марқакөл ауданындағы "Ислам" жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Дүйсенбек Қалибеков болды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өз саласында ерекше көзге түскен үздік мамандар да марапаттан тыс қалған жоқ. Оның ішінде "Үздік наубайшы" номинациясы бойынша Глубокое ауданының "Шахан Ата" ЖШС қызметкері Елена Пересадина, "Үздік балық өңдеуші" номинациясында "Зайсан балықшылары" өндірістік кооперативінің қызметкері Ләззат Ильбекова, "Үздік сауыншы" номинациясы бойынша Ұлан ауданы "Қайрат" шаруа қожалығының қызметкері Зарина Жүсіпова, "Үздік тракторшы" номинациясы бойынша Зайсан ауданының "СМУ-Шығыс" ЖШС қызметкері Мурад Бакиров бар.