Өскемендік әскери қызметші NAIZA 77 турнирінде жеңіске жетті
Өткен сенбіде облыс орталығында NAIZA лигасының үлкен турнирі өтті

Престижді турнирде Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, Burkit Team клубының өкілі – Манарбек Әсембай бақ сынады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ол қарсыласы Елшат Дауровты ұтып, шеберліктің, рухтың күші мен жоғары спорттық дайындықтың үлгісін көрсетті.
Манарбек Әсембай бала кезден спортпен айналысып келеді: 2005 жылдан бастап дзюдо мен қазақ күресі бойынша жарыстарға қатысқан, ал 2018 жылдан бері қол күрес пен жауынгерлік самбода бақ сынап жүр.
ММА-ға биыл ғана шықтым. Бұған дейін әртүрлі жекпе-жек түрлерімен айналысып, тәжірибе жинақтадым. Енді өзімді октагонда сынап көруге бел будым, – дейді спортшы.
Манарбектің айтуынша, спорт оған төзімділік, тәртіп пен сенімділік сыйлаған. Бұл қасиеттер әсіресе әскери қызметте аса маңызды. Бүгінде ол спорттағы мансабын әскери міндеттерімен қатар алып жүріп, жас сарбаздарға үлгі болып отыр.