Өскемен NASA-ның жаһандық хакатонына қосылады
Хакатон биыл Қазақстанның жеті қаласында өтеді

Биыл Өскеменнің жастары алғаш рет жаһандық ғылыми қозғалысқа қатысқалы отыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемендіктер 4-5 қазанда әлемдегі ең ірі халықаралық хакатондардың бірі – NASA Space Apps Challenge шарасына қатысады.
Бұл жоба – АҚШ-тың ғарышты бейбіт мақсатта игеру, аэронавтика саласын дамыту және Жер мен ғалам жайлы ғылыми зерттеулер жүргізуге жауапты мемлекеттік агенттігінің бастамасы. Жыл сайын хакатон 160 елден 30 мыңнан астам қатысушының басын қосады.
Хакатон биыл Қазақстанның жеті қаласында: Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Орал және Шымкентте өтеді.
Өскемендегі шара [MakerSpace/American Corner] базасында өтеді. Онда оқушылар, студенттер және жас мамандар екі күндік зияткерлік марафонға жиналады.
Қатысушылар NASA-ның нақты деректерімен жұмыс істеп, ғаламдық мәселелерге технологиялық шешім табуға тырысады. Бұл – жай ғана идеялар байқауы емес, креативтілік, командада жұмыс істеу және болашаққа жаңаша көзқараспен қарау қабілеттеріне арналған шынайы сынақ. Үздік жобалар жаһандық кезеңге өтеді және оларға NASA, ESA (Еуропалық ғарыш агенттігі), JAXA (Жапония), CSA (Канада) және CNES (Франция) сарапшылары баға береді.
Жаһандық турдың жеңімпаздары ұлттық және халықаралық ғарыш агенттіктерінің халықаралық мойындауына ие болады, сонымен қатар өз шешімдерін бүкіл әлем бойынша кең ғылыми және инженерлік аудиторияға ұсынуға мүмкіндік алады.
NASA Space Apps Challenge – ғарыш пен жаһандық ғылымның біз ойлағаннан да жақын екенін сезінуге мүмкіндік. Өскеменнің осы халықаралық шараны өткізуге атсалысуы – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жастарға өз идеяларын халықаралық деңгейде көрсетуге берілген бірегей мүмкіндік, – деді NASA Space Apps Challenge жобасының Қазақстандағы жергілікті көшбасшысы Пётр Пичкунов.
Хакатонға қатысу тегін, бірақ алдын ала тіркелу қажет.