Былтырдан бері ШҚО-да 289 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған
2024 жылдың 15 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысында республикалық экологиялық "Таза Қазақстан" акциясы өтіп жатыр

Акция аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері мен әкімдік өкілдері бірлесіп, экологиялық заңнаманың және санитарлық тәртіптің сақталуына тұрақты бақылау жүргізуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО ПД ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша 16 мобильді топ құрылып, олар рейдтік шаралар өткізіп, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтап, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу бағытында жұмыс істеуде.
Акция басталғалы бері:
- 15 500-ден астам құқықбұзушылық анықталды,
- абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 10 165 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды,
- қоғамдық орындарды ластаған 5 428 тұлғаға шара қолданылды,
- 289 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 273-і жойылды,
- атқарушы органдар мен заңды тұлғаларға себептері мен жағдайларын жою мақсатында 300-ден астам ұсыныс жолданды.
ШҚО Полиция департаменті облыс тұрғындарын ортақ тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады.