Өскемен гарнизонында роталық-тактикалық оқу-жаттығулары өтіп жатыр
Жаттығулар жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес күндізгі және түнгі уақыттарда ұйымдастырылуда

Оқу-жаттығулар роталардың үйлесімділігін арттыру, жеке құрамның функционалдық міндеттерін тәжірибе жүзінде орындау деңгейін бағалау, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін қажет, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оқу-жаттығулар Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөлімінің оқу-жаттығу полигонында жоспарлы роталық-тактикалық оқу-жаттығулары өтіп жатыр.
Жаттығулар барысында тактиканы дұрыс қолдану, қару-жарақты тиімді пайдалану, атысты ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жалпы жаттығу үш кезеңнен тұрады:
- Дабыл бойынша бөлімшелерді көтеру және роталарды қалыптастыру аумағына жинау;
- Шоғырландыру ауданына шеру жасап, сол жерде ұрысты ұйымдастыру және практикалық дайындық өткізу;
- Жеке құрамның іс жүзінде жауынгерлік тапсырмаларды орындауы.
Оқу-жаттығу барысында әскерилер шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беруді, қорғаныс пен шабуыл әрекеттерін ұйымдастыруды, жергілікті жерді барлауды және бекіністерді дайындауды пысықтады. Әскерилердің атыс даярлығы, тактикалық қимылдары, байланыс пен басқаруды ұйымдастыру деңгейі тексерілді.
Жаттығулар кезінде басты назар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға аударылды. Жеке құрам штаттық атыс құралдарының барлық түрінен нақты атыс жүргізе отырып, жауынгерлік міндеттерді орындауға машықтанды. Олар жаудың көзін жоюды ұйымдастыруда және жоспарды жүзеге асыруда тәжірибе жинақтады, – деді бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Құрманғазы Муратбеков.
Сонымен қатар, жеке құрам ротаның тірек пунктін инженерлік жасақтау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша сынақтардан өтті. Мотоатқыштар, танк және шабуылдау роталары тактикалық оқу-жаттығуды бір ай көлемінде практика жүзінде орындайтын болады.