ШҚО-да бірнеше ауылда өрт сөндіру бекеттері салынады
"Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы бойынша ауылдарда қажетті техникамен және жабдықтармен қамтылған ерікті өрт сөндіру құралымдары құрылуда

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев жұмыс сапарымен ШҚО ауылдарын аралады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс аумағында жалпы халық саны 718 мыңнан асатын 357 елді мекен бар. Өңірде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың 57 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, оның 14-і жыл бойы, 43–і маусымдық. Ерікті өрт сөндіру құрылымдарын қолдау үшін ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі жүйесін кеңейту және нығайту жұмыстары жалғасуда, - деп мәлімдеді ҚР ТЖМ.
Жұмыс сапары аясында Ерлан Төрегелдиев Шемонаиха, Глубокое, Ұлан, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, сондай-ақ Алтай және Үлкен Нарын аудандарында болды.
Шемонаиха ауданындағы Усть-Таловка кентінде 6000-ға жуық адам тұратын 5 ауылға қызмет көрсететін өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Оның иелігінде 2 өрт сөндіру автокөлігі бар, олардың біреуін ТЖ департаменті берді. Сугатовка ауылында қосымша бекет салынады. Ал Глубокое ауданындағы Тарханка ауылында "Милейко" ШҚ базасында жаңа өрт сөндіру пунктінің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда. Алтай ауылындағы Полянское кентінде өрт сөндіру пунктінің ашылуына дайындалып жатыр, аудан әкімдігі қаражат бөлді, қазіргі заманғы өрт техникасын беру қарастырылуда. Ашылуы биыл қыркүйекке жоспарланған, - делінген ҚР ТЖМ ақпаратында.
Үлкен Нарын ауданындағы Солдатово ауылында өрт сөндіру пункті ретінде қолданыстағы гараж боксын қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін қаражат іздестірілуде. Ал Катонқарағай ауданындағы Өрел ауылында өрт сөндіру пунктінің құрылысына жер учаскесі анықталды.
Күршім ауданында өрт сөндіру пунктерінің жұмыс істеуін қолдау үшін ақшалай қаражат бөлу мәселесі мәслихат сессиясында қаралатын болады.
Зайсан ауданындағы Кеңсай ауылында өрт сөндіру пунктін салуға орын анықталды. Жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу мәселесі шешілуде. Шілікті ауылында өрт сөндіру техникасы орналасқан жылытылатын ғимарат анықталды. Ғимаратты одан әрі пайдалану үшін жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар облыстың барлық аудандары мәслихаттарының алдағы сессияларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қосымша қаражат бөлу мәселелерін қарау жоспарлануда.